
«АрселорМиттал» жаңа ұжымдық шартқа қол қойды: кенші жұмысшылар нені жеңіп алды?
Абай шахтасында метан шығарылымынан алты кеншінің қаза болуына әкелген қарашадағы қайғылы оқиғадан кейін шахтерлер кәсіподақ ұйымдары мен «АрселорМиттал Теміртау» арасындағы еңбек дауы қайта басталды
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығы мен компанияның болат, көмір және теміррудалы департаменттерінің кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері алдағы үш жылға арналған жаңа ұжымдық шартқа қол қою рәсіміне қатысты.
«Бұл құжат жұмыс беруші мен еңбек ұжымдары арасындағы еңбек қатынастары мен әлеуметтік-экономикалық мәселелерді реттейді, қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер белгілейді, кәсіпорынның тиімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында тараптардың құқықтары мен міндеттерін ажыратады. Шарт 2022 жылғы 1 қаңтардан күшіне енеді және 2024 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда қолданылады», – делінген хабарламада.
Ұжымдық шарт жобасын кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен талқылау барысында оған мынадай жаңалықтар енгізілді:
- еңбек міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкердің отбасына пәтер сатып алу;
- 3 жасқа дейінгі баланы күтіп-баптау жәрдемақысын ерлерге төлеу (ерекше жағдайларда, екі жақты комиссияның шешімі бойынша);
- жұбайлардың екеуі де жұмыстан босатылу қатеріне ілінген жағдайда, жұбайлардың бірін жұмыста қалдырудың басым құқығы;
медициналық скринингтен өту үшін ақылы демалыс беру (жылына 3 жұмыс күні)
жүктілікті 12 аптаға дейінгі мерзімде есепке тұрғызу үшін ақылы демалыс беру (3 жұмыс күні); - төтенше жағдай (өрт, су тасқыны) орын алған кезде тұрғын үйді қалпына келтіруге 1 млн теңгеге дейін пайызсыз қарыз төлеу;
- сонымен қатар, қызмет көрсету аймағын кеңейту және лауазымдық міндеттерді қоса атқару үшін төлемақы (кей жерлерде екі және одан да көп есе) едәуір көбейтілді, «Кәсіпорын ардагері» атағы үшін сыйақы, қызметкерлерді жеке мерейтойларына (50, 55, 60 жас және одан әрі) байланысты марапаттау белгіленді.
«Алдағы үш жылға арналған Ұжымдық шартта қолданыстағы шарттың жұмыскерлер мен жұмыс істемейтін зейнеткерлерге арналған әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерінің бүкіл спектрі сақталды. Сонымен қатар оған қызметкерлердің әлеуметтік қамсыздандыруын жақсартуға тиіс түбегейлі жаңа ережелер енгізілді», – деп мәлімдеді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир.
Бұған дейін кеншілер әр жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны инфляция деңгейінен 100%-ға индекстеуге қол жеткізген болатын. Сондай-ақ желтоқсан айында көмір департаментінде өндірістік-экономикалық көрсеткіштер жоспарының орындалуына қарамастан бір жолғы 13-ші жалақы төленетін болады. Сондай-ақ кеншілер «Отбасы банкінен» 5%-бен ипотека ала алатын болады.
Еске салайық, кеншілердің қаржылық және дене қауіпсіздігі мәселелері 7 қарашада сағат 08:24-те метан шығарылымы орын алған Абай шахтасындағы қайғылы оқиғадан кейін өзекті бола түсті. Нәтижесінде забойда болған алты кеншi қаза тапты, екеуі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. ТЖМ өкілдерінің мәлімдеуінше, болған оқиғаға толық жауапкершілік «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на жүктеледі.
Дереккөз: sputnik.kz.
Ұқсас жарияланымдар
БеНиЛюкс Сауда Палатасы Бельгия сауда миссиясы аясында «Doing Business in Kazakhstan» семинарына қатысты

IGK Group мен БеНиЛюкс Палатасының дөңгелек үстелі: «Заманауи реалийлердегі тәуекел-менеджмент»

Санкциялық комплаенс және оның Қазақстанға әсері бойынша семинар


