info@benelux.kz
ҚР Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтановпен кездесу
Кездесу2021 жылғы қараша

ҚР Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтановпен кездесу

БеНиЛюкс Сауда Палатасы
Оқу уақыты — 3 мин

2021 жылғы 15 қазанда БеНиЛюкс Сауда Палатасының Президенті Д.Ван ден Вейхтің ҚР Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтановпен кездесуі өтті, оның барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды.

Д.Ван ден Вейх Сауда палатасы қызметінің негізгі бағыттарын таныстырып, Директорлар кеңесі Shell, Arendt & Medernach, Eurasian Resources Group, Arcelor Mittal және FoodVentures сияқты компаниялардың өкілдерінен тұратынын хабарлады.

Сонымен қатар, Палата Президенті БеНиЛюкс елдерінің Қазақстанмен жалпы тауар айналымына назар аударды, ол 2017–2019 жылдары шамамен 15,2 млрд еуроны құрады. БеНиЛюкс елдерінен 2005 жылдан бері келген тікелей шетелдік инвестициялар 68,9 млрд еуродан асты.

Анықтама үшін: Палата қызметінің негізгі бағыттары – БеНиЛюкс елдері көшбасшы болып табылатын, сол арқылы технология трансферті арқылы Қазақстан экономикасын әртараптандыруға болашақта ықпал ететін салалар: ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым мен логистика, жаңартылатын энергия көздері, қоршаған орта, аэроғарыш, телекоммуникация қызметтері, машина жасау, финтех өнімдері мен қызметтері.

Өз кезегінде министр Б.Сұлтанов тауар өткізу инфрақұрылымы аясында Министрлік екі агрологистикалық және жеті көтерме-үлестіру орталығын құру жөнінде жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Бұл көпфункционалды орталықтар көкөніс пен жеміс-жидектің заманауи көтерме нарықтары жүйесін қалыптастырып, сол арқылы жеткізу логистикасын оңтайландырады.

Осыған байланысты, Б.Сұлтанов бельгиялық BelOrta компаниясымен серіктестік қатынастар орнатуға, оның ішінде олардың үздік тәжірибесін қолдануға мүмкіндікке қызығушылық танытты.

BelOrta компаниясының бірінші басшысы Филипп Апельтанспен жеке таныс бола отырып, Д.Ван ден Вейх бұл 1450-ден астам өндірушіні біріктіретін компаниялар тобы (BelOrta Food&Vegetables, BelOrta Chef, BelOrta Bio, Flandria) екенін, олардың Бельгиядағы Sint-Katelijne-Waver қаласында аукцион залы бар екенін және жыл сайын шамамен жарты миллион тонна экологиялық таза көкөніс, жеміс-жидек пен көк өнімдерін сататынын хабарлады.

BelOrta алаңында бүкіл әлемнен жыл бойы 75-тен астам ел сауда жасайтынын ескере отырып, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін де өткізу мүмкіндігі бар.

Осы мәселені талқылау қорытындысы бойынша Палата Президенті министр Б.Сұлтановтың осы жылдың қарашасында BelOrta қызметінің тетіктерімен танысу үшін Бельгия Корольдігіне сапарын ұйымдастыруға жәрдем көрсетуге дайын екенін білдірді.

Сондай-ақ, Д.Ван ден Вейх Палата мүшелерінің кейбірінің Ресиямен шекара кесіп өтудегі қиындықтар туралы өтінішіне назар аударды, атап айтқанда РФ-тағы шекара бекеттерінің барлығы жүкті кедендіктердің физикалық түрде қарауынсыз тексере алатын автоматты сканерлермен жарақталмағанын, немесе олар бар болғанымен белгісіз себептермен әрдайым қолданыла бермейтінін атап өтті. Автоматты сканерлерді қолданбай, жүкті қарау үшін түсіру қажет. Бұл кедендік рәсімнен өту уақытын едәуір ұзартады, ал кез келген кідіріс қаржылық шығынға әкеледі.

Министр автоматты сканерлер бар кезде мұндай тексерулердің артық екенімен және оларды болдырмау керектігімен келісіп, Палатадан нақты фактілерді ұсынып, оларды барлық жиынтық деректерімен министрлікке жеткізуді сұрады.

Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап Қазақстанда салық заңнамасына өзгерістер күшіне енеді, соның қатарында шетелдік компаниялар үшін электрондық сауда тауарларын жүзеге асыру, жеке тұлғаларға электрондық түрде қызмет көрсету кезінде ҚР аумағында тіркелу және ҚҚС төлеу міндеті енгізіледі.

Аталған мәселелер Қазақстан нарығына шығуға дайын БеНиЛюкс елдерінің кең бизнес шеңберін, сондай-ақ Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға тырысатын, бірақ кедергілерге тап болатын отандық бизнесті қызықтырады.

Министр Сұлтанов ҚҚС енгізу туралы шешім қабылданғанын, бірақ бұл ретте оның Министрлігі оның орындалуын мұқият бақылап отыратынын және қажет болған жағдайда шаралар қабылданатынын атап өтті.

БеНиЛюкс елдерінің тұқым өндіру бойынша көшбасшы екенін және олардың ҚР ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесін ескере отырып, Палата Президенті импортталатын тұқымдарға ҚҚС-ты уақытша төмендету мәселесін қарастыруды ұсынды. Бұл ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етіп, ауыл шаруашылығы өнімінің түпкілікті өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік берер еді.

Сауда және интеграция министрі бұл мәселелердің Министрліктің бақылауында екенін және ЕАЭО серіктестерімен қазірдің өзінде талқыланып жатқанын хабарлады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мұндай кездесулерді тұрақты негізде өткізу қажеттігі туралы уағдаласты.

Фотогалерея

Сайт дұрыс жұмыс істеуі және ыңғайлы болуы үшін cookie файлдарын пайдаланамыз. Толығырақ