
БеНиЛюкс Сауда Палатасы Қазақстан мен ЕО арасындағы экологиялық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылауға қатысты
Премьер-Министр Олжас Бектенов су ресурстары мен қалдықтарды басқаруға арналған «Қазақстан — Еуроодақ» диалог алаңдасының 17-отырысын өткізді.
Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту, суды пайдалану тиімділігін арттыру және циркулярлық экономикаға көшу жөніндегі шаралар талқыланды. Сонымен қатар, Қазақстанның ЕО-мен экологиялық технологияларды енгізу, инвестициялар тарту және озық тәжірибе алмасу саласындағы серіктестік перспективалары қаралды.
Сөзінде Премьер-Министр елдің су балансына түсетін жүктеменің артуы жағдайында су ресурстарын ұтымды және тұрақты басқарудың маңыздылығын атап өтті. ҚР Үкіметінің алдында тұрған міндеттерді, оның ішінде сушаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту және суды пайдалану тиімділігін, әсіресе ауыл шаруашылығында арттыру міндеттерін ескере отырып, Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы іске асырылуда. Қазақстанның Еуропалық одақпен трансшекаралық ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар бастама оң бағаланды. Сөйтіп, Sustainable Energy Connectivity in Central Asia (SECCA) аясында тұрақты су пайдалану және энергия тиімділігі саласында пилоттық жобалар іске қосылды. Team Europe Initiative on Water, Energy and Climate Change өңірлік бағдарламасы Қазақстанның су секторына жеке инвестиция тарту құралы болып қызмет етеді.
Қалдықтарды басқару мәселесіне ерекше назар аударылды. Соңғы 10 жылда Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 1%-дан 25%-ға дейін өсті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40%-ға жеткізу жоспарлануда. Өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі жүйесін енгізу, инфрақұрылым мен қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату технологияларын дамыту рөлі бөлек атап өтілді.
Премьер-Министр Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы серіктестікті нығайту экологиялық инновацияларды енгізу, инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру және «жасыл» күн тәртібін ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарын тұрақты басқару мәселелеріне және халықаралық серіктестермен, атап айтқанда Еуропалық одақпен диалогты дамытуға зор мән береді. Бүгінгі кездесу — жай ғана пікір алмасу емес, су үнемді әрі әділ пайдаланылатын, қалдықтар құндылық пен жаңа энергия көзіне айналатын, ал ҚР мен ЕО-ның серіктестігі өңірдегі жасыл даму мен инновациялық көшбасшылықтың эталонына айналатын болашақты бірлесіп қалыптастыру алаңы. Мүдделі тараптарды нақты жобаларды іске асыру, технологияларды енгізу және экологиялық мінез-құлықты өзгерту үшін күш-жігерін біріктіруге шақырамын. Қазақстан Үкіметі бұл мәселелерде сенімді серіктес болуға дайын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Диалог алаңдасы отырысында Еуропалық Одақ тарапынан ЕО елшісі Алешка Симкич, Германия елшісі Моника Иверсен, Финляндия елшісі Янне Хейсканен, Нидерланды Елшілігінің Уақытша сенімді өкілі Мартин ван Бюрен ұсыныстар мен пікір білдірді; еуропалық компаниялар атынан Aqualia компаниясының Кавказ бен Орталық Азиядағы бизнесті дамыту жөніндегі директоры Ираклий Бабухадия, «SOIL SOLUTION» ЖШС құрылтайшысы және Water&Soil компаниясының Қазақстандағы ресми өкілі Даниэль Репасси, «Xylem» компаниясының Орталық Азия және Кавказ өңірі бойынша Басқарушы директоры Лев Аппаков, MicroStep-MIS Slovak Consortium Solution for Water Management өңірлік менеджері Абдулла Абдул-Разаков сөз сөйледі.
Еуропалық одақ Елшісі Алешка Симкич ЕО-ның Қазақстанның қалдықтарды басқару саласындағы негізгі жобаларын қолдауға дайын екенін атап өтіп, жергілікті институттарды Horizon Europe зерттеу және инновация бағдарламасына белсенді қатысуға шақырды.
«Жасыл Орталық Азия» бастамасы аясында және Team Europe қолдауымен Германия су ресурстары, энергетика және климат саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады деп атап өтті елші Моника Иверсен. Негізгі жобалар қатарында трансшекаралық өзендерді басқару бойынша тәжірибе алмасу, табиғи апаттардың алдын алу үшін климаттық профильдер дайындау және Қазақстанға сушаруашылық компанияларының бизнес-миссиясын ұйымдастыру бар.
Финляндия елшісі Янне Хейсканен Қазақстанда өнеркәсіптік және муниципалдық нысандарда сарқынды суларды тазартудың энергия тиімді технологияларын енгізіп жатқан бірқатар фин компанияларының тәжірибесін таныстырды. Су ресурстарын тұрақты басқаруға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екені білдірілді.
Нидерланды өкілі Мартин ван Бюрен Нидерланды мен Бенилюкс елдерінің компаниялар консорциумы Ақтауда тәулігіне 150 мың м³-ге дейін су өндіретін тұщыландыру қондырғысын салу жобасын іске асыруға дайын екенін хабарлады. Сондай-ақ голланд DRRS тобы қазақстандық мамандармен бірлесіп жұмыс істеп жатқан су тасқыны туралы ерте хабарлаудың ұлттық жүйесін құру бастамасына қолдау білдірілді.
Еуропалық компаниялардың сөздерінде суды қайта пайдалану технологияларын енгізу, шығынды азайту және су ресурстарын басқаруда цифрлық платформаларды пайдалану мәселелері көтерілді. Өндірісті локализациялау, техникалық орталықтар құру, тазарту құрылыстарын математикалық модельдеу тәжірибесін кеңейту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Мемлекеттік органдар тарапынан көтерілген мәселелерге су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров, экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, «Байтерек» холдингі басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ерсайын Хамитов түсініктеме берді.
Дереккөз: primeminister.kz
Фотогалерея
Ұқсас жарияланымдар
БеНиЛюкс Сауда Палатасы Бельгия сауда миссиясы аясында «Doing Business in Kazakhstan» семинарына қатысты

IGK Group мен БеНиЛюкс Палатасының дөңгелек үстелі: «Заманауи реалийлердегі тәуекел-менеджмент»

Санкциялық комплаенс және оның Қазақстанға әсері бойынша семинар


