
Қазақстан-БеНиЛюкс халықаралық экологиялық форумының баспасөз релизі
2021 жылғы 25 қарашада ЗТБ «Ассоциация «БеНиЛюкс Сауда Палатасы» «KazEnergy» Қауымдастығымен және «EcoJer» Қазақстандық өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырған Қазақстан-БеНиЛюкс Халықаралық экологиялық форумы өтті.
Форум барысында жаһандық экология мәселелері, атап айтқанда өнеркәсіптің қоршаған ортаға теріс әсерін азайту үшін қандай құралдар қажет, төмен көміртекті экономикаға арналған «жасыл» энергетика мен технологияларды дамыту, оның ішінде өнеркәсіп қалдықтарын басқару мәселелері талқыланды.
БеНиЛюкс Сауда палатасының Президенті Денис Ван ден Вейх БеНиЛюкс елдері компанияларының Қазақстанға деген жоғары қызығушылығын атап өтті, бұл ҚР Сыртқы істер министрлігінің деректерімен де расталады: БеНиЛюкс елдерінің Қазақстанмен жалпы тауар айналымы 2017–2019 жылдары 15,2 млрд еуроны құрады. БеНиЛюкс елдерінен 2005 жылдан бері келген тікелей шетелдік инвестициялар 68,9 млрд еуродан асты.
Форум қатысушылары көміртекті бейтарап экономикаға көшудің экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктеріне, сондай-ақ төмен көміртекті және тұрақты дамуға қажетті инфрақұрылымды декарбонизациялау мен қайта құруға бизнес-қоғамдастық пен қоғам назарын аудару жөнінде Қазақстан Үкіметімен және барлық серіктестермен нәтижелі ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Экономикалық зерттеулер институты Басқарма төрағасы Р.Сұлтановтың айтуынша, жуырда ESG тұрақты даму жөніндегі жобалық офис құрылды, ал Ұлттық экономика министрлігі аясында ұсыныстар әзірлеу мақсатында БеНиЛюкс елдерінің компаниялары шақырылған жұмыс тобы құрылды.
Сонымен қатар, спикерлер көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуге және көміртекті ізді азайтуға бағытталған өз кейстерімен бөлісті.
Мысалы, ERG қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Талғат Төребеков компанияның экологиялық стратегиясы туралы айтып берді:
– Бүгінде ERG кәсіпорындары Қазақстанның нормативтік талаптарына сай келеді. Бірақ Топ ең жоғары нормаларға сай болуға ұмтылады. Сондықтан компанияда шығарындыларды елеулі түрде азайтуға көмектесетін өзінің Экологиялық стратегиясы қабылданды: қатты бөлшектерді 56%-ға, ластаушы заттарды 30%-ға. Ал ERG Recycling компаниясы арқылы өндіріс қалдықтарынан алынған қайталама материалдарды қайта өңдеу мен өткізу көлемі – 2 млн тоннаға дейін.
2030 жылға дейінгі бағдарламаға инвестициялар шамамен 1,6 млрд долларды құрайды.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басымдықтарының бірі – өндірістік қызметтің қоршаған ортаға түсетін жүктемесін азайтуға ұмтылу. Компания ластаушы заттардың шығарынды көздерінен шығатын шоғырлануы бойынша еуропалық көрсеткіштерге қол жеткізуді жоспарлай отырып, ең жақсы қолжетімді технологияларды кезең-кезеңмен енгізуге елеулі қаражат жұмсайды. Жоспарланған инвестициялық шаралардың арқасында АМТ бүкіл өндірістік тізбек бойынша шығарындыларды азайтуға әсер етіп, 2025 жылға қарай экологиялық тиімділікке қол жеткізе алады.
Осы Форумға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, БеНиЛюкс елдерінің Қазақстандағы Елшілері, Eurasian Resources Group (ERG), «ҚазМұнайГаз» ҰК, ArcelorMittal Temirtau, Экономикалық зерттеулер институты, PwC, KazEnergy, EcoJer, Food Ventures, Witteveen Bos Caspian, Signify Philips өкілдері қатысып, сөз сөйледі.




