
«Қазақстандағы жылыжай шаруашылығын дамыту: табыс тарихтары және бизнестің қазіргі мүмкіндіктері» конференциясы
2023 жылғы 3 сәуірде Ақтөбе қаласында «Green Capital Kazakhstan» ЖШС базасында «Қазақстандағы жылыжай шаруашылығын дамыту: табыс тарихтары және бизнестің қазіргі мүмкіндіктері» конференциясы өтті. Конференцияның негізгі ұйымдастырушысы ҚР-дағы «БеНиЛюкс» Сауда палатасы болды, оны Нидерланды жылыжай компаниясы «Delta», «FoodVentures» компаниясы, Қазақстан Жылыжайлар Одағы, сондай-ақ Нидерланды Корольдігінің ОА-дағы Елшілігі мен Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Елшілігі қолдады.
Конференцияға Қазақстанға бұл сапары алғаш рет болып отырған Нидерландының Вестланд өңірінің мэрі Боуке Арендс, Нидерланды Корольдігінің ҚР-дағы Елшісі Андре Карстенс, Бельгия Корольдігінің ҚР-дағы Елшісі Анри Вантигем, БеНиЛюкс Сауда палатасының Президенті Денис Ван ден Вейх, нидерландтық жылыжай компаниясы «Delta» директоры Мириям Бокештайн, Ақтөбе облысы Әкімдігінің инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Нұржан Оразов, Қазақстан Жылыжайлар Одағының Президенті Нұрлан Әділхан, «Байтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры Нияз Қошқымбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру және тасымалдау департаментінің директоры Азат Сұлтанов қатысты.
Конференцияның алдында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тұғжановтың Нидерланды Корольдігінің Елшісі Андре Карстенспен, Бельгия Елшісі Анри Вантигеммен, Нидерландының Вестланд өңірінің мэрі Боуке Арендспен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Әкім Нидерланды мен Бельгияның Қазақстан экономикасына инвестиция салу бойынша көшбасшы позицияда тұрғанын атап өтті — 2022 жылы жиынтығында шамамен 3 млрд АҚШ доллары тартылды. Тек Ақтөбе облысында ғана нидерландтық және бельгиялық капиталдың қатысуымен 22 компания жұмыс істейді; өткен жыл қорытындысы бойынша Нидерландымен тауар айналымы 443,5 млн АҚШ долларынан, Бельгиямен — 37,7 млн АҚШ долларынан асты. Нидерланды соңғы жылдары Қазақстанға салынған инвестиция көлемі бойынша тұрақты түрде бірінші орында тұр. Кездесудің қорытындысында Вестланд мэрі Боуке Арендс пен Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тұғжанов Ақтөбе облысы мен Вестланд муниципалитеті арасында экологиялық таза жылыжай бағбандығы секторы мен сабақтас салаларды одан әрі дамыту, сондай-ақ инвестициялық, сауда, білім беру және туристік мекемелер арасында тұрақты байланыс сақтау мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Ақтөбе қаласындағы конференцияға қатысқан нидерландтық компаниялардың қатарында жылыжай шаруашылығының көшбасшылары бар: Certhon, KUBO, MJ-Tech, Ridder, Svensson, Koppert. Компания өкілдері панельдік талқылаулар аясында өз жұмыстарын таныстырып, жылыжай құрылысы, су ресурстарын басқару, климат-бақылау, жарықтандыру, ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғау салаларындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шараға қатысқан қазақстандық фермер шаруашылықтарының өкілдерінің ерекше қызығушылығын БеНиЛюкс палатасының мүшесі әрі өңірде жылыжай өнімін жеткізу бойынша алдыңғы қатарлы орындардың бірін иеленетін «FoodVentures» компаниясының презентациясы тудырды. Компания директоры Дирк Алевен Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш — 1 м²-ден 82 кг (шие қызанақ) өнім алу үшін өнімділікті арттыру әдістемелерімен бөлісті.
Конференция жылы, достық жағдайда өтіп, ҚР-да жылыжай шаруашылығын одан әрі дамыту үшін мамандардың пікірлері мен технологиялық шешімдерімен алмасуға мүмкіндік берді, бұл ҚР ауылдық тұрғындарын қолдау жөніндегі «Ауыл аманаты» жобасының мүддесіне толық сай келеді. Ақтөбе облысында және елде жалпы алғанда аграрлық секторда нидерландтық әріптестермен тәжірибе алмасуды жалғастыруға орасан зор әлеует бар.
Фотогалерея
Ұқсас жарияланымдар
БеНиЛюкс Сауда Палатасы Бельгия сауда миссиясы аясында «Doing Business in Kazakhstan» семинарына қатысты

IGK Group мен БеНиЛюкс Палатасының дөңгелек үстелі: «Заманауи реалийлердегі тәуекел-менеджмент»

Санкциялық комплаенс және оның Қазақстанға әсері бойынша семинар


