
Қазақстан мен Еуропалық Одақ ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгілейді
Брюссель, 2023 жылғы 15 мамыр — Қазақстанның Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапарымен барып, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті күн тәртібін және оны одан әрі дамытудың перспективалы бағыттарын талқылау үшін Еуропалық одақтың жоғары лауазымды өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғары өкілі — Еуркомиссия Вице-президенті Жозеп Боррель М. Нұртілеудің Қазақстан СІМ басшысы ретіндегі ЕО астанасына алғашқы сапарын жылы қарсы алды. Дипломаттар ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында Астана мен Брюссель арасындағы көпқырлы қатынастардың кең ауқымын қарастырды. Жоғары және жоғары деңгейдегі саяси диалогтың тұрақты сипаты мен артқан қарқыны, экономикалық ынтымақтастық пен еуропалық инвестициялар көлемінің айтарлықтай өсуі атап өтілді.
Тараптар энергетика, көлік пен логистика, цифрландыру, азаматтық авиация, стратегиялық маңызы бар шикізат материалдарын өндіру және пайдалану салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі практикалық қадамдарды талқылауға ерекше назар аударды. Білім мен ғылымды, озық технологиялар мен инновацияларды дамытудағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі шаралар қаралды.
М. Нұртілеу әңгімелесушісіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан елдегі кешенді саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысы туралы толық баяндады.
Өз кезегінде Ж.Боррель еуропалық дипломатияның ынтымақтастықтың айтарлықтай пайдаланылмаған әлеуетіне сай келетін бірқатар нақты шаралар мен жобаларды іске асыру арқылы Астанамен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мен нығайтуға деген берік ұстанымын атап өтті. «Біз еліңіздің жаңғыруын мұқият бақылап отырмыз және Президент Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларын қолдаймыз. Биыл Еуроодақ пен Қазақстан дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтіп отыр, осы уақыт ішінде біз серіктестіктің берік іргетасын қаладық», — деді ЕО Жоғары өкілі.
Әңгімелесушілер өңірлік қауіпсіздікті, Орталық Азиядағы өзара іс-қимылды және Ауғанстандағы жағдайды қоса алғанда, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Тараптар сондай-ақ еуропалық санкциялық режимдердің қазақстандық экономикаға ықтимал теріс салдарын жоюдың шаралары туралы талқылады.
Еуропалық Кеңес Президентінің сыртқы саясат жөніндегі бас кеңесшісі Саймон Мордюмен кездесуде Министр Президент Шарль Мишельдің 2022 жылғы қазанда Астанаға жасаған нәтижелі сапарын және оның Орталық Азия елдерінің басшыларымен алғашқы кездесуінің табысты өткенін атап өтті. Әңгімелесушілер бұл іс-шаралардың екіжақты және өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қуатты серпін бергенін атап өтті. Тараптар осындай форматтағы екінші кездесуді жақын арада дайындау жөнінде жұмыс жүргізіп жатыр, ол ОА мен ЕО арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты тереңдету үдерісін жалғастыруға тиіс.
Іскерлік және конструктивті атмосферада өткен сапар барысында Министр Ж.Боррель мен С.Мордюге ҚР мен ЕО ынтымақтастығын нығайту мен дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін жоғары мемлекеттік наградалар — тиісінше «Достық» орденінің бірінші және екінші дәрежесін тапсырды. Жалпы алғанда, М. Нұртілеудің Еуроодақ астанасына сапары кооперацияның басым бағыттарын белгілеуге, тараптар арасындағы қатынастарды одан әрі тереңдету жөніндегі нақты шаралар мен қадамдарды талқылауға мүмкіндік берді.
Еуропалық Одақ ҚР-дың негізгі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады. ЕО үлесіне қазақстандық сыртқы сауда мен шетелдік инвестициялардың 30%-дан астамы келеді.
2022 жыл қорытындысы бойынша тараптар арасындағы тауар айналымы 39,9 млрд АҚШ долларын құрап, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 38%-ға жоғары. Экспорт 32,3 млрд АҚШ долларын, импорт — 7,6 млрд АҚШ долларын құрады.
Сонымен қатар, еуропалық компаниялардың 2022 жылы ҚР-ға салған инвестиция көлемі 23%-ға өсіп, 12,5 млрд АҚШ долларына жетті.
Дереккөз: gov.kz
Фотогалерея
Ұқсас жарияланымдар
БеНиЛюкс Сауда Палатасы Бельгия сауда миссиясы аясында «Doing Business in Kazakhstan» семинарына қатысты

IGK Group мен БеНиЛюкс Палатасының дөңгелек үстелі: «Заманауи реалийлердегі тәуекел-менеджмент»

Санкциялық комплаенс және оның Қазақстанға әсері бойынша семинар


