
Нидерландтың Қазақстанға инвестициясы $100 млрдтан асты
Налдвейк қаласындағы «World Horti Center» халықаралық жылыжай бағбандық орталығында ресми тұлғалар мен іскерлік қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен қазақстан-нидерланд инвестициялық дөңгелек үстелі өтті.
Қонақтарды Вестланд муниципалитетінің мэрі Боуке Арендс, «World Horti Center» директоры Пак ван Холстейн, «Dutch Greenhouse Delta» директорының міндетін атқарушы Мирьям Бокестейн, сондай-ақ Нидерланды Корольдігінің Ауыл шаруашылығы, табиғат және азық-түлік сапасы министрлігінің Бас хатшысы Ян-Кис Гет пен Арнайы өкілі Фредерик Воссенар қарсы алды.
Вестланд муниципалитетінің мэрі Боуке Арендстің айтуынша, Қазақстан мен Нидерланды соңғы отыз жылда саяси, экономикалық және мәдени салаларда берік әрі сенімді ынтымақтастық орнатты. Елдер агроөнеркәсіп, геологиялық барлау, тау-кен өндіру, металлургия және электротехника салаларында бірлескен жобаларды іске асыруды кеңейту үшін орасан зор мүмкіндіктерге ие.
ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің Төрағасы Ардақ Зәбешев қонақтарды қарсы ала отырып, Нидерланды Қазақстан экономикасына инвестиция салудың №1 инвесторы екенін атап өтті. Соңғы 30 жылда тікелей инвестициялар шамамен 110 млрд АҚШ долларын құрады және бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Нидерланды Қазақстанның бес ірі сауда серіктесінің қатарына кіреді. Оның үстіне, соңғы жылдары сауда көлемі тұрақты түрде өсуде. Бүгінде қазақстандық нарықта нидерландтық капиталы бар 900-ден астам компания жұмыс істейді.
Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов таныстырды. Қазақстанның Еуразия орталығындағы стратегиялық орналасуы, табиғи ресурстардың молдығы, қолайлы инвестициялық ахуал экономиканың түрлі салаларында, әсіресе агроөнеркәсіп кешенінде жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ел мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын, сондай-ақ салыстырмалы түрде қолжетімді әрі білікті жұмыс күшін ұсынады. Әлемнің ірі нарықтарына шығу мүмкіндігі де негізгі артықшылықтардың бірі, деп атап өтті ол.
Нидерланды 2021 жыл қорытындысы бойынша Еуроодақтағы ең ірі және әлемдегі (АҚШ-тан кейінгі) екінші ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түлік экспорттаушысы мәртебесін сақтап қалды. Бұл туралы нидерланд тарапынан «Dutch Greenhouse Delta» директорының міндетін атқарушы Мирьям Бокестейн мен «Naktuinbouw» фитосанитарлық қызметінің Бас хатшысының орынбасары Марко Хоффман айтып берді. Қазақстанда бизнесті дамытудың қаржы құралдары туралы «Байтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры Нияз Қошқымбаев пен KIDF Тікелей инвестициялар департаментінің директоры Азамат Алдияров баяндады.
Инвестициялық дөңгелек үстелдің қатысушылары іс-шара аясында «World Horti Center» жылыжайларына барып, су мен энергия үнемдеу технологиялары, биоқорғау мен қоректендіру, IT және жасанды интеллект негізіндегі шешімдер саласында жұмыс істейтін нидерланд компанияларының қызметі туралы ақпарат берілген стендтермен танысты.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша «MJ Tech» пен Қазақстан Жылыжайлар Одағы арасында ирригациялық жабдық өндіру жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы, «Royal GD» мен ҚР АШМ Республикалық ветеринариялық зертханасы арасында екіжақты құжаттарға, сондай-ақ «Қарағанды ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС, «Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мен нидерландтық «Royal Eijkelkamp» арасында үшжақты Меморандумға қол қойылды.
Жоғарыда аталған іс-шарадан бөлек, қазақстандық делегация Налдвейк, Роттердам және Гаага қалаларында жергілікті іскерлік қоғамдастықтың өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, «Invest International» инвестициялық қорының (қаржы) басшысы Элс Хантийспен келіссөздер нәтижесінде голланд компанияларының қатысуымен инвестициялық жобалар пулын қалыптастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, оларды әрі қарай қаржыландыру Нидерланды Үкіметінің экспорттық және жобалық қаржыландыруды қолдау бөлігінде жүзеге асырылады.
Справочно:
Invest International 2021 жылғы қазанда құрылған, бұл мемлекеттік қаражат есебінен қаржыландырылатын жеке компания. «Invest International» негізгі акционерлері — Нидерланды Корольдігінің Үкіметі.
Дамушы елдердің үкіметтері үшін «Invest International» дамушы елдердегі инфрақұрылымдық жобаларға арналған Нидерландының мемлекеттік қорларына қолжетімділік ұсынады. Қолдау экспорттық қаржыландыруды, жобалық қаржыландыруды, сондай-ақ құндылық тізбегін қаржыландыруды қамтиды.
Сонымен қатар, «MJ Tech» компаниясының (АӨК технологиялары) басшысы Юриан Ван Ден Бремормен кездесу өтті, ол Қазақстан тиімді стратегиялық орналасуын ескере отырып, көрші елдер үшін хаб бола алатынын атап өтіп, бағбандықта, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте қолданылатын жоғары қысымды тұманқұрылым жүйелерін өндіру бойынша келесі халықаралық жобаның дәл Қазақстанда болатынына үміт білдірді.
Справочно:
MJ-Tech отбасылық компаниясы бағбандықта, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте қолданылатын жоғары қысымды тұманқұрылым жүйелерінің әзірлеушісі, өндірушісі әрі жеткізушісі болып табылады. Компания концепциядан, жобалаудан, өз бөлшектерін өндіруден бастап жинауға, сондай-ақ жеткізу алдындағы сынаққа, монтаждауға және пайдалануға беруге дейінгі толық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
Компанияның өнімі 50-ден астам елде қолданылады. Сонымен қатар 2021 жылы Канадада өндіріс ашылды. Компания Қазақстанда өндіріс ашу мүмкіндіктерін зерттеп жатыр.
«Royal Eijkelkamp» компаниясының (АӨК жабдығы) директоры Альфред Гейтенбик одан әрі ынтымақтастыққа деген ниетін, атап айтқанда Қазақстан Республикасында компост өндірісін жолға қою мүмкіндігін растады.
Справочно:
Royal Eijkelkamp 1911 жылдан бері бүкіл әлемде топырақ пен суды зерттеу жобалары үшін шешімдерді әзірлейді, өндіреді және жеткізеді.
Компания азық-түлік қауіпсіздігі, урбандалу және топырақ ластануымен байланысты топырақ пен су жобалары үшін шешімдерді әзірлеу бойынша көшбасшы болып табылады.
Компания 5 континентте және 90-нан астам елде нарықта болып, дала өлшемдеріне арналған жабдықтан бастап зияткерлік датчиктерге дейін, Edelman бұрғыларынан ультрадыбыстық бұрғылау қондырғыларына дейін өнімдер мен шешімдердің кең ассортиментін ұсынады. Компания Қазақстан Республикасында компост өндірісін жолға қоюға мүдделі.
Сондай-ақ Роттердам портының басшылығымен кездесу өтіп, порт инфрақұрылымымен танысу болды. Роттердам порты бүгінгі күні Еуропадағы ең ірі терең суатты порт болып табылады және әлемнің ең ірі он портының қатарына кіреді. Бүгінде теңіз тасымалдарының көлемі орта есеппен 460 млн тоннаны құрайды, Роттердам портына жыл сайын кіретін кемелердің саны тек теңіз секторында 30 мыңды, ішкі суда жүзу кемелерінде 105 мыңды құрайды.
Қазақстандық делегацияның Нидерландыдағы бағдарламасы Тұрақты төрелік соттың Бас хатшысының орынбасары Гарт Шофилдпен кездесумен аяқталды. 1899 жылы құрылған ТТС халықаралық қоғамдастыққа дауларды шешу бойынша түрлі қызметтер көрсететін үкіметаралық ұйым болып табылады.
Жоғарыда аталған іс-шаралардың ұйымдастырушылары қазақстандық тараптан ҚР СІМ, Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Елшілігі мен KAZAKH INVEST, нидерланд тарапынан «World Horti Center» пен «Dutch Greenhouse Delta» болғанын атап өткен жөн.
Дереккөз: invest.gov.kz
Фотогалерея
Палата жаңалықтары поштаға
Аптасына бір рет, дүйсенбі күні — сайттың жаңа материалдары: Палата жаңалықтары, іс-шаралар және нарыққа шолу.
Ұқсас жарияланымдар
БеНиЛюкс Сауда Палатасы Бельгия сауда миссиясы аясында «Doing Business in Kazakhstan» семинарына қатысты

IGK Group мен БеНиЛюкс Палатасының дөңгелек үстелі: «Заманауи реалийлердегі тәуекел-менеджмент»

Санкциялық комплаенс және оның Қазақстанға әсері бойынша семинар


