
Қазақстан — Бельгия іскерлік кеңесінің II отырысы
2024 жылғы 29 мамыр — Алматы, Қазақстан — Алматыда тең төрағалары Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен БеНиЛюкс Сауда Палатасы болып табылатын Қазақстан — Бельгия іскерлік кеңесінің II отырысы өтті. Бұл іс-шара 2024 жылғы 29–31 мамыр аралығында өткен Бельгияның ҚР-ға сауда миссиясының бөлігі болды.
Іс-шара екі елдің ресми және іскерлік топтарының өкілдерін қоса алғанда, 70-тен астам қатысушыны жинады. Қатысушылар өнімді B2G және B2B кездесулерін өткізіп, Қазақстандағы бизнес үшін өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерді талқылады.
Отырысты құттықтау сөздері ашты, оның барысында Бельгия Корольдігінің ҚР-дағы Елшісі Анри Вантигем мен ҚР-ның Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Мәрғұлан Баймұхан, сауда палаталарының басшылары мен Валлонияның экспорт және шетелдік инвестициялар агенттігінің (AWEX) өкілдері екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары туралы көзқарастарымен алмасты.
Іс-шараның негізгі бөлігі бизнес үшін мүмкіндіктерді, Қазақстанның инвестициялық әлеуетін, климаттық бастамалар мен басқа да маңызды аспектілерді ашатын тақырыптық баяндамаларға арналды. Баяндамашылар қатарында «Байтерек» Ұлттық басқарушы холдингі АҚ, Бельгияның Credendo экспорттық-кредиттік агенттігі, «Almaty Business Development Company», Orfit Industries сияқты компаниялар мен ұйымдардың өкілдері болды.
Іскерлік кеңесінің отырысы барысында ҚР-дағы БеНиЛюкс Сауда Палатасының Президенті Денис Ван ден Вейх: «Бельгия мен Қазақстан өзара ынтымақтастықтың бүкіл кезеңінде серпінді сауда қатынастары мен инвестициялық ағындармен сипатталатын берік серіктестікті нығайтты. Соңғы 30 жылда Бельгия Еуропалық Одақ шеңберінде Қазақстанның негізгі сауда серіктесіне, сондай-ақ маңызды инвестиция мен жаңа технологиялар көзіне айналды. 2005 жылдан 2023 жылға дейін бельгиялық тікелей инвестициялар 11 миллиард еуроға жетіп, Бельгияны Қазақстанға алтыншы ірі инвесторға айналдырды. Бүгінде энергетика, тау-кен өндіру, көлік және логистика сияқты түрлі салаларда бельгиялық капиталы бар 75-тен астам кәсіпорын жұмыс істеп, Қазақстанның экономикалық өсуі мен дамуына айтарлықтай үлес қосуда», — деп атап өтті.
Іс-шараның қорытындысы бойынша БеНиЛюкс Сауда Палатасы мен Central Asia Climate Foundation арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Бұл құжат жасыл бастамалар мен климаттың өзгеруіне байланысты жобаларды бірлесіп ілгерілетуді көздейді.
БеНиЛюкс Сауда Палатасы сондай-ақ бельгиялық делегация мен қазақстандық іскерлік қоғамдастықтың өкілдері арасында B2B сессияларын ұйымдастырып, қатысушыларға жаңа іскерлік байланыстар орнату мен перспективалы жобаларды талқылаудың бірегей мүмкіндігін берді.
Еске сала кетейік, Іскерлік кеңесінің I отырысы 2023 жылғы 5 маусымда Астанада өтіп, одан әрі жемісті ынтымақтастыққа негіз қалады.
Фотогалерея
Ұқсас жарияланымдар
БеНиЛюкс Сауда Палатасы Бельгия сауда миссиясы аясында «Doing Business in Kazakhstan» семинарына қатысты

IGK Group мен БеНиЛюкс Палатасының дөңгелек үстелі: «Заманауи реалийлердегі тәуекел-менеджмент»

Санкциялық комплаенс және оның Қазақстанға әсері бойынша семинар


