
Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қатынас орнатылғанына 30 жыл
Бүгін Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қатынас орнатылғанына 30 жыл толды. Соңғы отыз жылда біз өзара құрмет пен сенімге негізделген берік серіктестік құруға қол жеткіздік.
1995 жылы Серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған сәттен бастап 2020 жылы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің (КСЫК) күшіне енуіне дейін, біздің қарқынды қатынастарымыз ұзақ жолдан өтті.
Қазіргі уақытта КСЫК экономика, сауда мен инвестициядан бастап авиация, білім беру мен зерттеулер, азаматтық қоғам және адам құқықтары саласындағы ынтымақтастыққа дейінгі 29 кең ауқымды ынтымақтастық саласын қамтиды. Қазақстан мен ЕО КСЫК-ты толық жүзеге асыру мақсатында өзара тиімді екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту мен нығайтуға берік бекем қалуда.
ЕО Қазақстандағы «Әділетті Қазақстан» көзқарасын ілгерілетуге бағытталған ауқымды саяси және экономикалық реформаларды толық қолдайтынын, сондай-ақ елдің 2022 жылғы қаңтар оқиғаларын толық әрі ашық тергеуге деген адалдығын қайта растайды.
Жақында қол қойылған тұрақты шикізат, аккумулятор батареялары мен «жасыл» сутегінің құндылық тізбектері саласындағы стратегиялық серіктестік туралы өзара түсіністік меморандумы «жасыл» және цифрлық технологияларға көшу үшін шешуші маңызға ие болады. Біз жоғары деңгейдегі байланыстардың кеңеюін және парламенттік ынтымақтастықтың тереңдеуін, іскерлік байланыстар мен адамдар арасындағы байланыстардың нығаюын, сондай-ақ адам құқықтары мен заң үстемдігі бойынша диалогтың жалғасуын күтеміз.
Қазіргі геосаяси жағдайда біз БҰҰ Жарғысына, халықаралық құқыққа және егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаттарына берік адалдығымызды растаймыз. Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың, сондай-ақ дауларды дипломатиялық жолмен шешудің маңыздылығын атап өтеміз.
Біз ЕО мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың берік әрі перспективалы негізін құруға, сондай-ақ өркендеу, тұрақтылық пен тұрақты дамудың кілті болып табылатын Орталық Азиядағы өңірлік диалогты нығайтуға деген ұмтылысымызды қайта растаймыз. Келесі қадам ретінде біз 2023 жылы Алматыда, Қазақстанда өтетін ЕО — Орталық Азия Экономикалық форумын асыға күтеміз.
Қатынастарымыз үшін маңызды осы жылда біз барған сайын тығыз әрі көпқырлы ынтымақтастығымыздың болашағына сеніммен қараймыз. Біз оны Еуропалық Одақ пен Қазақстан халықтарының игілігі үшін, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен өркендеудің артуы үшін ілгерілетуге бел будық.
Дереккөз: gov.kz
Фотогалерея
Ұқсас жарияланымдар
БеНиЛюкс Сауда Палатасы Бельгия сауда миссиясы аясында «Doing Business in Kazakhstan» семинарына қатысты

IGK Group мен БеНиЛюкс Палатасының дөңгелек үстелі: «Заманауи реалийлердегі тәуекел-менеджмент»

Санкциялық комплаенс және оның Қазақстанға әсері бойынша семинар


